Астанадағы перинаталдық орталықтардың біріне қатысты шағым әлеуметтік желіде тарады. Айна Розиеваның айтуынша, оның ағасының әйелі егізге жүкті болған. Жүктіліктің алтыншы айында бір сәби шетінеп, бірнеше аптадан кейін әйелдің денсаулығы нашарлаған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Алдымен дерматологқа жіберді, кейін антибиотикпен емдеді. Анализдердің нәтижелері өте нашар болған кезде ғана оны перинаталдық орталыққа жіберді», – деп жазды ол.
Отбасының мәліметінше, әйелдің жағдайы ауыр болғанымен, бірнеше күннен кейін ғана шұғыл операция жасалған. Нәтижесінде 31 аптада салмағы 1 келі 600 грамм болатын екінші сәби дүниеге келген. Алайда бала бір күннен кейін қайтыс болған. Отбасы оның өліміне сепсис себеп болғанын мәлімдеді.
«Арлан бізбен бар болғаны бір күн болды. Бүгін ағам екі ұлын жерлеп жатыр. Анасы қазір ауруханада жатыр, біз оның жағдайына да алаңдаймыз», – деп жазды Айна Розиева.
Отбасы перинаталдық орталықтағы дәрігерлердің әрекетін тексеріп, жағдайға құқықтық және медициналық баға беруді сұрады.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы пациенттің қазір қажетті ем алып, медициналық бақылауда екенін хабарлады.
«Аталған жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», – деп мәлімдеді басқарма.
Қазір дәрігерлердің әрекеті мен сәбидің өлімі арасындағы себеп-салдарлық байланысқа қатысты ресми қорытынды жоқ.