Telegram қолданушыларына бағытталған жаңа алаяқтық схема таралып жатыр. Бұл жолы қаскүнемдер аккаунтты бұзудың техникалық тәсілін емес, адамның қорқынышын пайдалануға көшкен. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығының сөзінше, бірнеше секундтық асығыстық мессенджердегі барлық хат-хабардан, байланыстардан және жеке мәліметтерден айырылуға әкелуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.
Кейінгі уақытта кей қолданушыларға Telegram әкімшілігі атынан хабарламалар келе бастаған. Онда аккаунтты жою туралы өтініш түскені, ал оны тоқтату үшін шұғыл түрде арнайы батырманы басу қажет екені жазылған. Хабарламаның мазмұны әдетте үрей туғызуға құрылған. Пайдаланушыға аккаунт небәрі 24 сағат ішінде өшірілетіні, кейін барлық хат-хабар, файлдар мен байланыс нөмірлері қайтарымсыз жоғалатыны айтылады.
Дәл осы жерде алаяқтардың басты есебі жатыр. Адамдардың көбі маңызды жазбалардан, жұмыс хаттарынан немесе жеке архивінен айырылып қалудан қорқады. Сондықтан жағдайды тексеріп жатпай, бірден әрекет етуге тырысады.
Батырманы басқан қолданушы арнайы ботқа немесе Telegram-ға ұқсатып жасалған жалған парақшаға өтеді. Кейін оған SMS арқылы немесе мессенджердің өзінен келген растау кодын енгізу ұсынылады. Ал шын мәнінде осы код аккаунтты сақтап қалуға емес, оны алаяқтардың қолына тапсыруға қызмет етеді.
Киберқауіпсіздік мамандарының айтуынша, Telegram-ның ресми қолдау қызметі ешқашан пайдаланушылардан бөгде боттар арқылы растау кодын, құпиясөзді немесе басқа да құпия мәліметтерді сұрамайды.
Аккаунтқа қол жеткізген қылмыскерлер алдымен хат-хабарларды қарайды. Кейін пайдаланушының атынан таныстарына хабарлама жіберіп, қарыз сұрауы немесе ақша аударуды өтінуі мүмкін. Кей жағдайда жеке фотосуреттер мен құжаттар да олардың қолына түседі.
Алаяқтық хабарламаны қалай тануға болады?
- Бірінші белгі – шұғылдық. Егер сізді бірден шешім қабылдауға итермелесе, бұл күмәндануға себеп.
- Екінші белгі – растау кодын сұрау. Telegram, банк немесе басқа сервистердің ресми қызметтері мұндай кодтарды ешқашан сұрамайды.
- Үшінші белгі – күмәнді сілтемелер мен боттар. Әсіресе аккаунтты қорғау немесе қалпына келтіру үшін бөтен ресурсқа өтуді талап етсе, сақ болған жөн.
- Төртінші белгі – жаңадан ашылған аккаунттар. Көп жағдайда мұндай парақшалардың ресми белгісі болмайды, атауы жиі өзгеріп тұрады немесе хабарламасында грамматикалық қателер кездеседі.
Мамандар Telegram қолданушыларына екі деңгейлі қорғанысты қосуды ұсынады. Сонымен қатар «Құрылғылар» бөлімін мезгіл-мезгіл тексеріп, белгісіз құрылғылардан ашылған сеанстарды өшіріп отырған дұрыс.
Қазіргі алаяқтар бұрынғыдай күрделі бағдарламалармен емес, адамның эмоциясымен жұмыс істейді. Сондықтан кез келген күмәнді хабарламаны алған кезде асықпай, ақпаратты ресми арналар арқылы тексеру ең тиімді қорғаныс тәсілі болып қала береді.