Астанада 27 қазанда Қазақстанның бұрынғы көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевке қатысты қылмыстық іс қарала бастайды. Ол 2025 жылдың тамызында пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Алайда бір жылдан астам уақытқа созылған тергеу аяқталғаннан кейін сотқа түскен материалдарда пара алу бабы жоқ. Енді бұрынғы шенеунікке үш басқа бап бойынша айып тағылып отыр, деп жазады Ozgeris.info сайты Politico.kz-ке сілтеме жасап.
Сәтжан Аблалиевтің ұсталғаны туралы алғашқы ақпарат 2025 жылғы 2 тамызда қазақстандық БАҚ пен Telegram-арналарда тарады. Екі күннен кейін, 4 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оның ұсталғанын ресми растады.
Сол кезде ведомство Көлік вице-министрінің пара алды деген күдікке ілінгенін және сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлаған. ҰҚК YouTube арнасында оның үйінде жүргізілген тінту кадрларын да жариялады. Бейнежазбада арнайы қызмет өкілдерінің табылған ақша купюраларын үстел мен кілем үстіне жайып жатқаны көрінген.
2025 жылғы 7 тамызда Аблалиев Көлік вице-министрі қызметінен ресми түрде босатылды.
Сол күні Үкіметтегі брифингте вице-премьер Қанат Бозымбаев бұл іске қатысты асығыс қорытынды жасамауға шақырған.
«Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, егер қандай да бір мемлекеттік ұйымның немесе мемлекеттік органның қызметкері сыбайлас жемқорлық бабы бойынша сотталса, бірінші басшы отставкаға кетуі керек. Алдын ала қорытынды жасап, біреуді кінәлі деп жариялаудың қажеті жоқ. Сот шешімі болады. Содан кейін ғана адамның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған-жасамағаны анықталады. Оған дейін олар күдікті тұлғалар», – деген еді Қанат Бозымбаев.
Осыдан кейін тергеудің барысы туралы ақпарат ұзақ уақыт бойы ашық кеңістікте жарияланбады.
Пара алу бабы сот материалдарында жоқ
Бір жылдан астам уақыт өткен соң Politico.kz редакциясы ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне сауал жолдап, істің қай сатыда екенін анықтаған.
Ведомство жауабында тергеудің аяқталғаны және қылмыстық іс материалдарының сотқа жіберілгені айтылған. Кейін редакция сот кабинетінен Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 12 қазандағы қаулысын тапқан.
Құжатқа сәйкес, істі судья Саят Тәшімбаев қарайды.
Сот материалдары бойынша Сәтжан Аблалиевке Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған.
Біріншісі – ҚК-нің 364-бабының 3-бөлігі, яғни жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысуы.
Екіншісі – ҚК-нің 361-бабының 3-бөлігі, яғни жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалануы.
Үшіншісі – ҚК-нің 218-бабының 3-бөлігінің 1 және 3-тармақтары, яғни қылмыстық жолмен алынған ақша немесе өзге де мүлікті заңдастыру.
Алайда сот қаулысында Аблалиев 2025 жылдың тамызында ұсталған кезде айтылған пара алу туралы бап жоқ. Ал бастапқы күдіктің неліктен сотқа жолданған айыптау актісіне енбей қалғаны құжатта түсіндірілмеген. Вставленный текст
Бұған дейін кейбір БАҚ-та Аблалиев 78 мың доллар көлемінде пара алды деген ақпарат тараған. Алайда Politico.kz редакциясы бұл соманы растайтын дерек таппағанын жазады. Сот қаулысында да мұндай сома көрсетілмеген.
Сондай-ақ құжатта бұрынғы вице-министрге нақты қандай әрекеттер тағылып отырғаны, ақша операцияларының сипаты және болжамды шығын көлемі егжей-тегжейлі жазылмаған.
Алдын ала тыңдау 27 қазанда өтеді
Сәтжан Аблалиевтің ісі бойынша алдын ала тыңдау 27 қазан күні сағат 10:00-де Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.
Судья Саят Тәшімбаев сот отырысын тағайындауға кедергі келтіретін мән-жайлар анықталмағанын көрсеткен. Сондай-ақ айыпталушыға айыптау актісінің көшірмесі табысталған.
Сот Аблалиевке қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын іс қаралып біткенге дейін өзгеріссіз қалдырған. Демек, қаулы шығарылған сәтте бұрынғы вице-министр қамауда болған.
Сот отырысына прокурор, қорғаушылар, сотталушы, жәбірленуші және куәлар шақырылуы тиіс. Аблалиевтің мүддесін Астана қалалық адвокаттар алқасының адвокаттары қорғайды.
Сот процесі орыс тілінде және ашық режимде өтеді.
Іс бойынша жәбірленуші кім?
Сот материалындағы тағы бір назар аударарлық жайт – жәбірленуші ретінде Көлік министрлігі Заң департаментінің директоры Бақытбек Хабылмажитұлы Төлеубаевтың көрсетілуі.
Сәтжан Аблалиев те ұсталғанға дейін дәл осы министрлікте вице-министр қызметін атқарған.
Редакция екі шенеуніктің еңбек жолын салыстырып, олардың бірнеше жыл бойы бір жүйеде жұмыс істегенін анықтаған.
2015 жылдан 2019 жылғы ақпанға дейін Төлеубаев Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментінде қызмет еткен. Осы уақытта Аблалиев аталған министрліктің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары болған.
Кейін ведомство қайта құрылған соң олардың қызметтік жолы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде тағы тоғысқан.
2019 жылғы ақпаннан 2021 жылғы маусымға дейін Аблалиев Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары қызметін жалғастырған. Ал Төлеубаев Заң департаменті директорының орынбасары болған.
2021 жылғы маусымда Аблалиев Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне ауысқан. Төлеубаев министрлікте қалып, сол жылдың қыркүйегінде Заң департаментін басқарған.
2023 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратылып, оның функциялары Көлік министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бөлінді.
2023 жылғы қазанда Аблалиев Көлік вице-министрі болып тағайындалды. Ал Төлеубаев қазіргі уақытта осы министрліктің Заң департаментін басқарады.
Дегенмен олардың 2023 жылдан кейін Көлік министрлігінде нақты бір мезгілде тікелей бірге жұмыс істеген-істемегені ашық деректерден анықталмаған.
Сондай-ақ Бақытбек Төлеубаевтың не себепті жәбірленуші ретінде танылғаны және оған мұндай процессуалдық мәртебе беруге қандай жағдай негіз болғаны сот қаулысында көрсетілмеген.
Сәтжан Аблалиев кім?
Сәтжан Айтенұлы Аблалиев 1970 жылғы 11 қаңтарда Атырау облысында дүниеге келген.
Ол Алматы автомобиль-жол институтын және Қазақ қатынас жолдары университетін тәмамдаған. Техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.
Еңбек жолын 1987 жылы Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясының Орталық инженерлік-техникалық қызметінде оператор болып бастаған. Сондай-ақ Кеңес армиясында әскери қызмет атқарған.
1996–2004 жылдары Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында еңбек етті. Кейін автомобиль жолдары мен көлік инфрақұрылымына жауапты мемлекеттік органдарда түрлі басшылық қызметтер атқарды.
2004 жылдан 2011 жылға дейін Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мен инфрақұрылымдық кешен құрылысы саласындағы құрылымдарда жұмыс істеген. Әр жылдары баға белгілеу, жобалау, құрылыс, реконструкция, сыртқы қарыздар және концессиялық жобаларға жауапты бөлімдерді басқарған. Қазақстан жол салушылар қауымдастығына да жетекшілік еткен.
2012 жылғы қарашадан 2014 жылғы тамызға дейін Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары болған.
2014–2019 жылдары Инвестициялар және даму министрлігінде, 2019–2021 жылдары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2021 жылғы маусымда Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. 2023 жылғы қыркүйекте облыс әкімі қызметіне кандидаттардың бірі болған.
2023 жылғы 6 қазанда Қазақстанның Көлік вице-министрі қызметіне тағайындалып, бұл лауазымды 2025 жылғы 7 тамызға дейін атқарды.
Мемлекеттік қызмет жылдарында «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Істе әзірге жауапсыз қалған сұрақ көп
Тергеу аяқталғанымен, қылмыстық істің бірқатар маңызды мән-жайы әлі ашық күйінде қалып отыр.
Ең басты сұрақ – неге бастапқыда пара алумен байланыстырылған іс сотқа мүлдем басқа баптармен жетті?
Сонымен бірге Көлік министрлігінің Заң департаментінің директоры Бақытбек Төлеубаевтың қандай себеппен жәбірленуші ретінде танылғаны белгісіз.
Болжамды шығын көлемі мен іске басқа тұлғалардың қатысы бар-жоғы туралы да расталған дерек әзірге жоқ.
Бұл сұрақтардың бір бөлігі сот талқылауы кезінде нақтылануы мүмкін.
Алдын ала тыңдау 27 қазанға белгіленген. Соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенге дейін Сәтжан Аблалиев кінәсіз деп есептеледі.