Шығыс Қазақстан облысы

«Бір ай бойы тоқ соғып келген»: Өскемендегі подъезд оқиғасы жұртты шошытты

«Бір ай бойы тоқ соғып келген»: Өскемендегі подъезд оқиғасы жұртты шошытты

Өскемен қаласындағы Протозанова көшесінде болған жазатайым оқиға тұрғындарды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты HALYQSTAN-ға сілтемемен.

 

Оқиға 25 желтоқсанда болған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, көпқабатты үйдің домофоны бар кіреберіс есігі тұрғындарды бір айдан бері тоқ ұрып келген. Алайда бұл мәселе дер кезінде шешілмеген.Куәгерлердің айтуынша, сол күні жас жігітті электр тогы қатты соғып, бірнеше метрге дейін лақтырып жіберген.

 

«Біз бірден жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер келген соң реанимациялық шаралар жүргізді, жүрегі тоқтап қалған. Оны ауруханаға алып кетті. Құдай қаласа, аман қалады деп үміттенеміз. Бірақ бұл үшін кім жауап береді? Неге ешкім шара қолданбады? Подъездде қарт адамдар көп, мұндай жағдай тағы қайталанса, соңы қайғылы болуы мүмкін», — дейді үй тұрғындары.

 

Оқиғадан кейін электр тогының ағып кету себебін анықтау үшін КСК қызметкерлері шақырылып, жергілікті әкімдік те іске араласқан.

 

Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, электр тогымен зақымдану фактісі тіркелген. Қауіптің алдын алу мақсатында зақым келтірген нысан дереу токтан ажыратылған.

 

Кейін белгілі болғандай, электр тогының ағып кетуіне есік маңына орнатылған прожектор шамы себеп болған. Қазіргі таңда аталған жарық құралы толық өшіріліп, тұрғындарға төнген қауіп жойылған. Оқиғаға қатысты жауапкершілік тиісті органдар тарапынан анықталатын болады.

Барлық жаңалық