Қоғам

Билік пе, әлде қоғам ба? Тазабектің «Назарбаев жүйесі» туралы күтпеген мәлімдемесі

Билік пе, әлде қоғам ба? Тазабектің «Назарбаев жүйесі» туралы күтпеген мәлімдемесі

Белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабектің журналист Жанар Байсемізке берген сұхбаты әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Ақын елдегі билік жүйесі мен қоғамдық құндылықтарға тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаев билік еткен кезеңге қатысты өз пайымын білдірді. Оның ойынша, елдегі қателіктер мен өзгерістерді тек бір ғана адамның есімімен байланыстырып, оны ғана кінәлау қисынсыз деп хабарлайды ozgeris.info сайтты.

Тазабек сол уақыттағы саяси шешімдерге тек жоғары билік қана емес, бүкіл қоғам мен билік маңындағы орта тікелей әсер еткенін алға тартты. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін халықтың материалдық байлық пен молшылыққа деген ашқарақтығы оянғанын, бұл үдерістің түрлі әділетсіздіктерге жол ашқанын атап өтті.

Ақын өз сөзінде лауазымды шенеуніктер мен ықпалды тұлғалардың мемлекет мүддесінен гөрі жеке басының қамын ойлағанын да жасырмады. Дегенмен ол өткен тарихты бағалау кезінде нақты адамдардың соңына түспей, сол кезеңдегі құндылықтардың қалай өзгергенін саралау әлдеқайда маңызды екенін жеткізді.

Сұхбат соңында Мұхамеджан Тазабек мәселенің тереңіне бойлап, кеңірек көзқарас танытуға шақырды. «Жоғары деңгейде ойлайтын адамдар тұлғаларды емес, құндылықтарды талдайды» деген ол қоғамды өткен күннен сабақ алуға үндеді.

Барлық жаңалық