Жамбыл облысында белгісіз біреу әлеуметтік желіде мектептерге қарулы шабуыл жасаймын деп қорқытқан бейнежазба таратқан. Бұл туралы ozgeris.info сайты КТК телеарнасына сілтемемен хабарлайды.
Әлеуметтік желілер мен ата-аналар чатына тараған бейнежазбада бетін жасырып алған белгісіз адам бірнеше мектептің атауын атап, 7 қазан күні оқ ату жасайтынын мәлімдеген.Видео барысында ол қару ұстап тұрғанын көрсеткен, бұл жағдай ата-аналар арасында үлкен үрей мен дүрбелең туғызған.Көптеген ата-аналар балаларының қауіпсіздігін ойлап, оларды мектепке жібермей қойған.
Полиция қызметкерлері жедел түрде әрекет етіп, Telegram арнасын бұғаттаған, алайда белгісіз адам бірнеше рет жаңа арна ашып, қорқыту әрекетін қайталаған.Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлар басқа өңірлерде де тіркелген, сондықтан бейнежазбаның шетел азаматтары тарапынан таралуы мүмкін деген болжам бар.
Жамбыл облыстық полиция департаменті жағдайға байланысты ресми мәлімдеме таратты:
– Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.Қасақана жалған ақпарат таратқандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы (“Көрінеу жалған ақпарат тарату”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.Азаматтардан сабыр сақтауды, ресми емес дереккөздерге сенбеуді,және ақпаратты тек ресми органдардан алуды сұраймыз, – делінген хабарламада.