Жаңалықтар

Бельгия королі тарихта тұңғыш рет Қазақстанға келеді: Тоқаев маңызды кездесу өткізді

Бельгия королі тарихта тұңғыш рет Қазақстанға келеді: Тоқаев маңызды кездесу өткізді

Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевер Қазақстанмен арадағы саяси диалогтың жоғары деңгейде екенін атап өтіп, екіжақты қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге үлкен қызығушылық танытты. Бұл мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесу барысында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Тараптар бірқатар маңызды салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Олардың қатарында көлік пен логистика, критикалық маңызды минералдар, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бар. Сондай-ақ цифрлық трансформация, жасанды интеллект пен қаржы салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, ғылым мен білім саласындағы байланыстардың келешегі сөз болды. Әсіресе, екі елдің жетекші университеттері, зерттеу орталықтары мен технологиялық компаниялары арасындағы серіктестікті дамыту маңызды екені айтылды.

Мемлекет басшысы осы сәтті пайдалана отырып, Бельгия королі Филипп пен ханшайым Матильдаға өзінің ыстық сәлемін жолдады. Президент биыл жоспарланған Король Филиптің Қазақстанға мемлекеттік сапарына айрықша мән беретінін жеткізді. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасы тарихындағы тұңғыш әрі тарихи оқиға болмақ.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Барт де Веверді өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Бельгия Үкіметінің басшысы бұл шақыртуды ризашылықпен қабыл алды.

Барлық жаңалық