Әнші Мұрат Қожа Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Бәрекелді» бағдарламасына қонақ болып, көпшілікке жақсы таныс «Жаулап алды махаббат» әнінің қалай шыққанын алғаш рет ашып айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бағдарлама жүргізушісі «неге бұл әнді Бейбіт Қорғанның өзі орындамады?» деп сұрағанда, Мұрат Қожа әзілдеп, «тартып алғанбыз» деп күлкіге қарық қылды. Алайда артынша әннің шынайы тарихымен бөлісті.Әншінің айтуынша, Бейбіт Қорған бұл композицияны студент кезінде жатақхананың дәлізінде гитарамен жиі шырқайтын. Курстас достары жиналып, Бейбіттің орындауын тамашалап жүретін. Кейінірек продюсерлер Мұрат Қожа мен Нұрланға рэп бағытында жұмыс істеуді ұсынғанда, олардың ойына дәл осы әуен қайта оралған.
«Продюсерлер әнді тыңдаған сәтте-ақ бірден ұнатып, ‘алайық’ деп шешті. Біз Бейбітпен келісіп, әнді ресми түрде алдық. Осылайша композиция біздің орындауымызбен жарыққа шықты», — деді Мұрат Қожа.