Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен бұрынғы шенеуніктің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты "Мой Город" агенттігіне сілтеме жасап.
Орал қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын бекітті. Бұған дейін қыздың әкесі 2 қаңтарда ер адамның оның кәмелетке толмаған қызын алдап үйіне апарып, зорлық көрсеткені туралы шағым түсірген болатын. Арыз жазылғаннан кейін күдікті ұсталып, көп ұзамай босатылған еді.
Облыстық полиция департаменті қылмыстық кодекстің 120-бабына сәйкес іс қозғап, тергеуді бастады. Тәртіп сақшылары тексеру барысында хат-хабарлар мен іске қатысты басқа да маңызды деректер табылғанын жеткізді. Тергеу мәліметіне сүйенсек, жасөспірімге күш қолдану фактісі нақтыланбаған. Жәбірленуші мен оның анасы қарым-қатынастың екі жақты келісіммен болғанын айтып, күдіктіге ешқандай шағымдары жоқ екенін білдірген. Бұдан бөлек айыпталушының аудандық әкімдік бөлімінің қызметкері болғаны және арыз түскеннен кейін жұмыстан босатылғаны белгілі болды.
Осы жағдайлардан соң қыздың әкесі кінәлі адамның қатаң жазалануын талап етіп қайта мәлімдеме жасады. Ал Ішкі істер министрлігі полицияның бұл іске қатысты тергеуді қайта жандандырғанын хабарлады.