Туризм және спорт министрлігі қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның жалақысының қысқаруына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл мәселе бойынша ведомство өкілдері арнайы брифинг өткізіп, спортшыны қолдау үшін бөлінген қаражат көлемін жариялады.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, соңғы жылдары Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға дайындалуына бөлінетін қаржы көлемі тұрақты түрде артып келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы Спорт және туризмді қолдау қоры арқылы 64 миллион теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 79 миллион теңгеге жеткен. Ал 2026 жылы қаржыландыру көлемі 100 миллион теңге болады деп жоспарланған.
Вице-министрдің сөзінше, шахмат федерациясы тарапынан да спортшыға көрсетілетін қолдау көлемі ұлғайып келеді. Бұл қаражат Бибісараның халықаралық додаларға толыққанды дайындалуына мүмкіндік береді.
Серік Жарасбаев сондай-ақ Асаубаеваның шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанғанын атап өтті. Оның айтуынша, спортшының жетістіктерін мемлекет жоғары бағалап, Мемлекет басшысы оған II дәрежелі «Барыс» орденін беру туралы жарлыққа қол қойған.
Брифинг барысында вице-министр Бибісара Асаубаева айтқан жалақы мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, спортшы бұған дейін Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы арқылы бюджеттен ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келген. Алайда 2025 жылдан бастап бұл төлем азайған.
Жарасбаев мұның себебін шахматтың басым спорт түрлерінің тізіміне енбей қалуымен байланыстырды. Оның айтуынша, өткен жылы күшіне енген жаңа заңнамаға сәйкес, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін 46 басым спорт түрі анықталған. Бұл қатарға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлері, ұлттық спорт түрлері және Азия ойындарының бағдарламасындағы кейбір олимпиадалық емес спорт түрлері енгізілген.
Алайда биыл өтетін Азия ойындарының бағдарламасына шахмат енгізілмеген. Осыған байланысты министрлік қолданыстағы заң талаптарына сәйкес бұрынғы көлемдегі жалақыны төлеуді жалғастыра алмайтынын мәлімдеді.