Алматы облысының Көкқайнар ауылында 17 жастағы Ясмина есімді оқушының өліміне қатысты отбасы істің жан-жақты тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Qumash парақшасына сілтеме жасап.
Ясмина «Менің мектебім» гимназиясында білім алған. Ол мектеп бітіруге дайындалып, алдағы соңғы қоңырауды асыға күткен. Алайда биыл 23 сәуірде жасөспірім көз жұмды.
Туыстарының айтуынша, Ясмина мектеп мұғалімдерінің бірінің 19 жастағы ұлымен араласқан. Алайда ұстаз олардың қарым-қатынасына қарсы болған көрінеді.
Отбасы өкілдерінің мәлімдеуінше, кейін мұғалім Instagram желісіне жарияланған, бірнеше жасөспірім электронды темекі шегіп тұрған видеоға байланысты Ясминаны ата-анасын шақыртатынын және істің сотқа дейін жетуі мүмкін екенін айтып қорқытқан. Жасөспірім бұл мәселені ұстазбен сөйлесіп шешкісі келген. Алайда туыстарының сөзінше, мұғалім одан «Е.-мен қарым-қатынасын тоқтататыны туралы» қолхат жазуды талап еткен.
Қайтыс болар алдында Ясминаның ата-анасына: «Анашым, әкешім, мен сіздерді жақсы көремін. Менде басқа амал қалмады», – деген жазба қалдырғаны айтылады.
Қайғылы оқиғадан бері төрт айға жуық уақыт өткен. Марқұмның отбасы істің толыққанды тергелмегенін және болған жағдайға қатысты нақты жауап ала алмағанын мәлімдеді.
Мектеп өкілдері тергеуге өз құзыреті шегінде көмектесіп жатқанын хабарлаған. Оқиғаның нақты мән-жайы мен жасөспірімнің өліміне не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Отбасы айтқан айыптауларға құзырлы органдар тарапынан ресми құқықтық баға берілген жоқ.