Әнші Жанар Айжанова «Айтарым бар» подкастында сахнада жылап, отбасындағы қайғысын айтатын әріптестеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Айтуынша, рухани демалуға келген көрерменнің алдында жылап, қайғысын айту дұрыс емес.
«Отбасындағы нәрсені жылап-еңіреп айтқан ұнамайды. Концертке шыққан кезде әріптестеріміз кейде қайтыс болған анасын, тағы бірдеңелерін айтып, көзіне жас алып жылап жатады. Менің түсінігімде, мен көрерменмін бе, сол әншіні жақсы көрдім бе, демалысқа келдім. Мысалы, оның отбасында болып жатқан жағдайларда менің шаруам жоқ. Мен де шаршап жүрмін. “Қайғысыз адам жоқ, күйесіз қазан жоқ”. Шаршап келгенде, мен соның әнінен өзіме рухани азық алып, көңілімді көтеріп, демалып кеткім келеді. Сахнаға шығып жылаған әріптестерді мен онша жақтай алмаймын. Мүмкін, эмоциямен жылап қалатын шығар. Бірақ жап-жас болып, балалар осыдан 10-15 жыл бұрын қайтыс болған әкелерін айтып, әкелеріне ән айтып жатады. Бәрімізде әке-шеше жоқ. Бәріміз жылай берсек, не болады? Менің түсінігімде, жауапкершілігімде келген көрерменді жылатсаң, жылата біл, басқаша нәрселермен. Күлдірсең, күлдіре біл», – деді Жанар Айжанова.