Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Астанада қаза тапқан бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтемемен.
Бапидің айтуынша, ол марқұмды жеке таныған және оны мемлекет ісіне адал қызметкер ретінде сипаттады.
— Ержанның бойынан шынайы мемлекетшілдік пен халыққа деген сүйіспеншілікті көрдім. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ол Алматыдан кетпей, күштік құрылымдармен ымыраға барған жоқ, — деді депутат.
Сонымен қатар, депутат Бабақұмаровтың бастамасымен түсірілген «Қаңтардың ақиқаты» атты деректі фильмнің тағдыры белгісіз күйде қалғанын айтты.
— Егер ол шынымен Мәсімовтің адамы болса, неге Қаңтардың шындығын ашатын фильм түсірсін? — деп жазды ол.
Бапи сонымен қатар бұрынғы шенеуніктің жерлеуі кезінде мемлекеттік құрметтің көрсетілмегеніне наразы болды.
— Мемлекетке 30 жыл қызмет еткен адамға неге арнайы комиссия құрылмады? Неліктен ешбір мемлекеттік қызметкер анасына немесе алты баласымен қалған жарына ресми түрде көңіл айтпады? Бұл жағдайдың артында қандай да бір құпия бар ма деген ой келеді, — деді депутат.
Оның айтуынша, Ержан Бабақұмаров – “Ескі Қазақстанның құрбаны”.Еске салайық, 56 жастағы Ержан Бабақұмаров Астанада қайтыс болды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол төбелес кезінде алған жарақаттан көз жұмған.Бабақұмаров 25 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Әр жылдары ол Президент кеңесшісі, Алматы әкімінің орынбасары және Орталық коммуникациялар қызметінің директоры қызметтерін атқарған.