Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында еліміздің алғашқы атом электр станциясын салуға дайындық жұмыстары ресми түрде басталды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бүгін бұл жерде «Росатом» корпорациясының өкілдері, ҚР Атом энергиясы агенттігі мен отандық энергетика компанияларының жетекшілері бас қосып, ірі энергетикалық жобаға ресми түрде бастау берді.
Іс-шара барысында АЭС-тің макеті алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Жоспарға сәйкес, станция Балқаш жағалауында бой көтеріп, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Бұл бастама - еліміздегі энергетика саласындағы ең ауқымды жобалардың бірі саналады. Салтанатты жиынға ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв және өзге де мәртебелі қонақтар қатысты.