2025 жылдан бастап мектептерде буллинг жасаған балалардың ата-аналары жауап береді. Оқу-ағарту министрлігі осындай өзгеріс енгізді, деп жазады Ozgeris.info.
Егер балаңыз біреуге әдейі тиісіп, мазақтаса немесе қорқытса, алғашқы рет 10 АЕК, шамамен 39 мың теңге айыппұл төлеуге тура келеді. Ал екінші рет қайталанса, сома 30 АЕК-ке (117 мың теңгеге) дейін өседі.
Буллингтің алдын алу үшін мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» деген жаңа бағдарлама басталады. Аптасына бір рет өтетін сабақтарда балаларға жанжалды шешу, эмоцияны басқару және өзгелермен дұрыс қарым-қатынас жасау үйретіледі.
Сонымен бірге мектептерде, балабақшаларда және колледждерде «жеке қауіпсіздік сабақтары» қайта енгізіледі. Бұл сабақтарда балалар интернеттегі қауіпсіздік, алаяқтардан сақтану, төтенше жағдайдағы әрекеттер және зорлық-зомбылықтың алдын алу ережелерін үйренеді.
Буллингтің түрлері әртүрлі:
• Физикалық: ұру, итеру, затын сындыру;
• Ауызша: мазақтау, балағаттау, қорқыту;
• Әлеуметтік: оқшаулау, өсек тарату;
• Кибербуллинг: әлеуметтік желілерде немесе чаттарда қорлау.
Егер балаңыз буллингке тап болса, алдымен мектеп әкімшілігіне хабарлау керек. Сондай-ақ, тәулік бойы жұмыс істейтін «Бала қорғау» онлайн-чаты және 111 жедел желісі арқылы тегін көмек алуға болады.
Былтыр Оралда 13 жасар баланың анасы өз ұлының басқа балаға екі жыл бойы қысым көрсеткені үшін жауапқа тартылды. Ал Қостанайда жүрек дерті бар қызды мазақтаған оқушының әкесіне айыппұл салынған.
Бұл жаңа шаралар мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру үшін қабылданып отыр.