Алматы облысы

«Балам ішімде шетінеп кетті»: Алматыда екі келіншек дәрігерлерді немқұрайлылығына шағымданды

Алматыдағы перзентханалардың бірінде екі әйел босану кезінде сәбилерінен айырылған.Аналардың айтуынша, бәріне дәрігерлердің немқұрайдылығы себеп болған деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтемемен.

 

 

Арай Ақан 5 мамырда көптен күткен баласын дүниеге әкелуге перзентханаға келген. Алайда дәрігерлер оның жағдайын уақытында бақыламады дейді келіншек. Толғақ күшейген сәтте де «өзің босана аласың» деп, ота жасаудан бас тартқан. Кейін баланың жүрек соғысы әлсіреп, дәрігерлер шара қолданғанша сәби шетінеп кеткен.

 


Ал Гүлминям Низахунова да дәл сол перзентханада осындай жағдайға тап болған. Айтуынша, 13 тамызда қан кетіп, шұғыл түрде жеткізілгеніне қарамастан, дәрігерлер «қалыпты жағдай» деп, ота жасаудан бас тартқан. Төрт күннен кейін баланың қозғалысы тоқтап, сәби іште шетінеп кеткен.

 

«Дәрігерлер кейін құжаттарды өзгертіп, мені үйге кеткен етіп жазған. Кейін кешірім сұрауға келіп, тіпті орынсыз ұсыныс та айтты», – дейді әйел.

 

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл екі жағдайдың да бақылауда екенін мәлімдеді. Бір іс бойынша тексеру аяқталып, екіншісі бойынша қосымша материалдар жіберілген.Екі ана да кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп, құқық қорғау органдарына ресми шағым түсірмек.

Барлық жаңалық