Танымал тележурналист Дана Нұржігіт марқұм жұбайы Владимир Рерихтің дүниеден өткен күніне орай Құран бағыштап, ас бергенін әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Бұл туралы Оzgeris.info ақпарат порталы хабарлайды.
Журналист бұл шешімге келуінің себебін түсіндіріп, баласының әкесінің өмірден өткенін біліп, сезініп өсуі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай рухани сәттер баланың өмірге, отбасы құндылықтарына деген көзқарасын қалыптастырады.
«Кеше үйде жақын достарымды жинап, иіс шығарып, Құран бағыштадық. Әлімнің әкесінің кеткен күні деп. Бала білсін, сезінсін деген ойым. Оны анасы жасамаса, кім жасайды?! Өмірде түрлі жағдай болады, бірақ бәрі өткінші. Ақиқаты – артта қалған ұрпақ», – деп жазды Дана Нұржігіт.
Сондай-ақ тележурналист мұндай жиындардың отбасы үшін ерекше мәні бар екенін айтып, баласының да шара барысында белсенділік танытқанын жеткізді.
«Құрбан шалып, өліге – иман, тіріге – береке деп қол жайдық. Осындай кезде балам кәдімгідей іске кірісіп, қонақтарға көңіл бөлуге тырысады. Есейіп келеді…», – деді ол.
Айта кетейік, Дана Нұржігіт марқұм жұбайының рухына арналған дастарханды ұйымдастыруға көмектескен жандарға алғысын білдіріп, қолдау көрсеткен барша жақындарына ризашылығын жеткізді.