Әлем

Бала зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Бала зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Өзбекстанда балаларға қарсы жасалатын қылмыстар үшін, соның ішінде 14 жасқа толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жазалау шаралары қатаңдатылды, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Енді 14 жасқа толмаған баланы зорлағаны үшін қылмыскер 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.

Тиісті заңға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды.

— Балаға зиян келтіріп, жанына жара салған әрбір адам жазасын алады. Бұл талап білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне де, зорлық-зомбылық жасаған туған-туыстарына да бірдей қолданылады. Баланың өліміне әкеп соққан қандай да бір қылмыс үшін жазаны жеңілдетуге жол берілмейді, — деп жазды Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиеева.

Саида Мирзиеева мұндай қылмыстар үшін жауапқа тартуға ешқандай мерзімдік шектеу қойылмайтынын да мәлімдеді. Бұған дейін 14 жасқа толмаған баланы зорлағандарға 15 жылдан 20 жылға дейін түрме жазасы тағайындалатын.

 




Барлық жаңалық