Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың экс-жұбайы Мөлдір Мұқанова өзіне қатысты айтылған Бақыт Тұрманның сөздерін жоққа шығарды, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты.
Бұған дейін Бақыт Тұрман әлеуметтік желідегі парақшасында Мөлдір Мұқанованы өзін «Әзіл Әлемі» театрының сахнасына шығармай қойғанын айтып, тіпті «шығатын болса, Тұрсынбекпен ажырасып кетемін» деп қорқытқанын мәлімдеген еді. Алайда Мөлдір Мұқанова Мереке Қалбаеваға берген сұхбатында бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Менің оған жаным ашиды. “Әзіл Әлемі” театрында әншілермен тікелей мен жұмыс істедім. Ол кезде театрдың атағы дүркіреп тұрды. Тұрсынбекке әрдайым: “Сен биіксің, сенің сахнаңда тек танымал әншілер өнер көрсетуі керек” деп айтатынмын. Мейрамбек, Сәкен ағалар, Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегенова сынды мықты өнер иелерімен жұмыс істеп, өзім әуежайдан қарсы алатынмын. Мен тек танымал әншілер шықсын дедім. Бірақ “мүлде шығармадым” деген сөз дұрыс емес. Үш рет сахнаға шығардық. Жаным ашып, Тұрсынбекке: “Осы сахнада бағы жанып, танымал болып кетсе, шықсын” дедім. Бұл – адамның бағы. Ал “мүлде шығармай қойды” деп айту – жеке өкпе. Егер бағы жанбаса, халық танып, тойларға шақырмаса, ол үшін Тұрсынбек пен Мөлдірге ренжудің қажеті қанша?», – деді ол.
Сондай-ақ Мөлдір Мұқанова кезінде Қайрат пен Бақытты барынша күтіп, құрмет көрсеткенін, алайда олардың тарапынан қонаққа шақыру немесе сый-құрмет болмағанын да атап өтті.