Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындар шағымына әкімдіктердің қалай әрекет етіп жатқаны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Ақордаға сілтемемен.
Астанада өткен ауылдық әкімдердің диалогы алаңында Мемлекет басшысы елімізде азаматтардың өтініштерін қарау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда кез келген ауыл әкімі бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тұрғындардың мәселесін оңай бақылап, әрбір өтінішке нақты жауап беруі тиіс.
«Көбіне тұрғындар жергілікті инфрақұрылымға – жол, аула, балалар алаңы сияқты мәселелерге қатысты өтініш жазады. Бұл әкімдер жергілікті жерде шешуі тиіс негізгі сұрақтар. Алайда кейде әкімдіктер мұндай өтініштерді назардан тыс қалдырады. Жауап ала алмаған азаматтар орталық органдарға, соның ішінде Президент Әкімшілігіне шағымдануға мәжбүр», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тұрғындардың өз әкімдеріне деген сенім деңгейін олардың жолдаған шағымдарының саны арқылы бағалауға болады.