📰 Сарапшылар пікірі

Автонарықта сатылым артты, алаяқтар көбейді

Қазақстанда жаңа автокөліктерге деген сұраныс азаймай тұр. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) дерегінше, 2025 жылдың қыркүйегінде елімізде ресми дилерлер 18 357 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатқан, деп жазады Ozgeris.info.

Абайлаған жөн

Бұл өткен жылдың дәл осы айымен салыстырғанда 2,4 пайызға көп. Ал жалпы есеп бойынша, тоғыз айда 161 584 көлік сатылып, нарық көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 17,9 пайызға артқан.

Сарапшылардың пікірінше, сатылымның осылай жоғары деңгейде сақталуы халықтың төлем қабілетінің біртіндеп қалпына келіп жатқанын және автонесиелеу мен трейд-ин бағдарламаларының тиімділігін білдіреді.

ҚАО президенті Анар Макашева автонарықтағы ахуалға түсініктеме беріп, азаматтарды сақ болуға шақырды. Оның айтуынша, биылғы үшінші тоқсанда да сату көлемі тұрақты деңгейде қалып отыр, сұраныс жоғары, ал белсенділік – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артық.

«2025 жылдың үшінші тоқсанында сатылым тұрақты деңгейде. Тұтынушылардың қызығушылығы жоғары, нарықта қозғалыс бар. Бірақ бұл белсенділікпен бірге тәуекел де артып келеді. Соңғы айларда шетелден автокөлік сатып алмақ болған азаматтар жиі алаяқтардың құрбанына айналуда. Мұндай жағдайлар көбейіп барады. Сондықтан тұрғындарға көлік сатып аларда міндетті түрде оның құжаттарының заңды тазалығын тексеруге кеңес береміз. Ал ресми дилерлер әрқашан ашық ұсыныстар мен маусымдық жеңілдіктер арқылы қауіпсіз және сенімді қызмет көрсетеді», деді ол.

Сарапшы атап өткендей, тұтынушылар үшін ең бастысы – көлікті сенімді көзден алу. Ресми дилерлер сататын автокөліктер барлық сертификаттар мен кепілдік талаптарына сай келеді, ал көлеңкелі нарықтағы мәмілелер көбінесе алдануға немесе құжаттық қиындықтарға әкеледі.

Hyundai мен Chevrolet алда

Қыркүйек айындағы сатылым құрылымына көз жүгіртсек, нарықтағы жетекші үш бренд өзгеріссіз қалды. Бірінші орында – Hyundai. Компания 4 169 көлік сатқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда небәрі 1 пайызға аз. Екінші орында Chevrolet – 2 942 көлік (-2,8%), ал үшінші орынды Kia сақтап қалды – 2 001 автокөлік (+2,5%).

Төртінші орынға биыл алғаш рет Toyota көтерілді – 1 145 көлік, бұл былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 18,7 пайызға көп. Бұл жапон брендіне деген қызығушылықтың қайта оралғанын көрсетеді.

Одан кейінгі тізімде: Chery (919; -30,6%), Jetour (912; +29,4%), Geely (864; +15,2%), Jac (729; -2,4%), Changan (661; +14,6%) және Haval (622; -29,6%).

Қытайлық маркалар ішінен Jetour мен Geely айтарлықтай өсім көрсетсе, Chery мен Haval керісінше төмендеген. Сарапшылар бұл құбылысты модельдік жаңару мен бағалық стратегияға байланыстырып отыр.

Еліміздегі ең танымал үлгілер қатарында да айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қыркүйектегі ТОП-10 тізімінде көшті Chevrolet Cobalt бастайды – 2 400 дана. Екінші орында – Hyundai Tucson (1 574 дана), үшінші орында – Kia Sportage (947 дана).

Одан кейінгі орындарда Hyundai Mufasa (679), Hyundai Elantra (645), Toyota Camry (571), Hyundai Santa Fe (533), Changan CS55 Plus (473), Chevrolet Onix (449) және Chery Tiggo 2 (436).

 

Барлық жаңалық