Жаңалықтар

Автобуста аутизмге шалдыққан баланы балағаттаған әйел көпшілікті ашуландырды

Әлеуметтік желіде автобуста болған оқиға көпшіліктің ашуын туғызды. Ozgeris.info сайтының хабарлауынша, жолаушылардың бірі ерекше күтімді қажет ететін балаға және оның анасына дөрекі сөздер айтып, балағаттаған.

 

Желіде тараған бейнежазбада белгісіз әйелдің 6 жасар аутизмге шалдыққан Аниса мен оның анасына тіл тигізіп, баланы «топас» деп атағаны көрінеді. Сонымен қатар, әйел анасының киіміне де шүйліге сөйлеген.

 

Автобустың ішінде орын алған диалог былай өрбіген:

— Балаң жыныма тиіп тұр, — дейді әйел.

— Жыңыңызға тисе, бұл менің баламның емес, сіздің мәселеңіз, — деп жауап береді анасы.

— Оның үстіне хиджабпен…

— Киіміме тіл тигізбеңіз, оған қатысыңыз болмасын.

— Балаңды тыныштандыр.

— Ол тыныш отыр.

— Жоқ, ашулы.

— Ол аутизмге шалдыққан. Ол ерекше бала. Ал сіздің мұныңыз — ұят. Мұндай сөзді айтуыңыз қалай ғана қолыңыздан келеді? Бұл — мүмкіндігі шектеулі бала!

 

Анисаның анасы Сағина оқиға жайлы былай дейді:

“Біздің жеке көлігіміз жоқ. Инвотакси әрдайым қолжетімді емес. Сондықтан күнде автобуспен қатынауға мәжбүрміз. Бұрын қызым қоғамдық көлікке мінуден қорқатын, шулап, жерге жатып алатын. Қазір емдеу мен терапияның арқасында тынышталып келеді. Тек бір сөзді қайталап отырады, бірақ айқайламайды. Алайда бұл жағдай да кей адамдарға жақпайды. Бұған дейін жай наразылық білдірсе, бүгін мына әйел тіпті «топас» деп тілдеді. Бұған жүрегім ауырды, көз жасымды тыя алмадым”, — дейді анасы.

 

Анасының айтуынша, адамдар тарапынан түсіністік азайғандықтан, қызына арнайы төсбелгі тағып қойған екен. Онда:

“Мен өзімді жаман ұстамаймын. Мен ерке емеспін. Менде АУТИЗМ. Өтініш, сабырлырақ болыңыздаршы” деген сөздер жазылған.

 

Бұл жағдай қоғамдағы ерекше балалар мен олардың ата-аналарына деген түсіністік пен мейірімнің маңыздылығын тағы бір мәрте еске салып отыр.

Барлық жаңалық