Қазақстанда медициналық мекемелер салынып, ауруханалар жаңартылып, денсаулық сақтау саласына жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ дәрігерге қаралу үшін апталап кезек күтетін, қажетті маманды таба алмайтын немесе ақылы емханаға баруға мәжбүр болатын азаматтар әлі де бар. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық көмек алу оңай емес. Бір елдің ішінде тұратын адамдардың денсаулығын сақтау мүмкіндігі неге әртүрлі? Мәселе дәрігерлердің жетіспеуінде ме, әлде қолда бар медициналық қызметтің дұрыс ұйымдастырылмауында ма?
Дәрігер неге бәріне бірдей қолжетімді емес?
Медициналық көмектің қолжетімділігін тек аурухана мен емхана саны арқылы бағалау жеткіліксіз. Елді мекенде медициналық ғимарат болғанымен, онда қажетті маман болмаса немесе күрделі тексеруден өту үшін облыс орталығына бару қажет болса, тұрғындардың мәселесі толық шешілмейді. Әсіресе созылмалы ауруы бар науқастар, қарттар, жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар отбасылар үшін дәрігерге дер кезінде қаралудың маңызы зор.
Қазақстанда соңғы жылдары ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында медициналық мекемелер салу, аудандық ауруханалардың мүмкіндігін кеңейту және шалғай елді мекендердегі тұрғындарға көрсетілетін қызметті жақсарту көзделген. Бірақ жаңа нысандардың ашылуы медициналық көмектің сапасы бірден жақсарады дегенді білдірмейді. Ғимаратпен бірге білікті дәрігер, қажетті құрал-жабдық және тұрақты қаржыландыру болуы керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы медициналық қызметтің қолжетімділігін бағалағанда тұрғындардың қажетті көмекті дер кезінде ала алуына, емделуге жұмсайтын шығынына және көрсетілетін қызметтің сапасына назар аударады. Ұйымның ұстанымынша, медициналық көмектің бар болуы мен оның халыққа шын мәнінде қолжетімді болуы екі бөлек мәселе.
Дәрігер тапшылығы азайғанымен, мәселе шешілген жоқ
Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылы жариялаған мәліметіне сәйкес, елімізде дәрігер тапшылығы соңғы екі жылда 20,4%-ға азайған. 2023 жылы 4863,75 штаттық бірлік жетіспесе, кейін бұл көрсеткіш 3869,5 бірлікке дейін төмендеген. Ауылдық жерлерде тапшылық 1121,5-тен 821,25 штаттық бірлікке азайған. Орта буын медицина қызметкерлерінің тапшылығы да 13%-ға қысқарған. Бұл көрсеткіштер саладағы оң өзгерістерді аңғартқанымен, дәрігер жетіспеушілігі толық жойылған жоқ. Оның үстіне, кадр тапшылығы туралы есептерде нақты жұмыс істейтін мамандар саны мен бос штаттық орындар бөлек қарастырылуы керек.
Мәселенің ауқымы 2026 жылы медициналық кадрларды есепке алудың жаңа жүйесі енгізілгенде айқынырақ көрінді. Денсаулық сақтау министрлігі СУР 2.0 ақпараттық жүйесінің көмегімен медициналық ұйымдардың мамандарға деген нақты сұранысын қайта бағалаған. Нәтижесінде 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дәрігерлерге қажеттілік 23 161 штаттық бірлік, ал орта буын медицина қызметкерлеріне қажеттілік 22 649 бірлік екені анықталған. Бұл бұрынғы есеппен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Министрлік айырмашылықты жаңа жүйенің медициналық мекемелердегі кадр қажеттілігін толығырақ анықтауымен түсіндіреді. Сондықтан екі көрсеткішті бір әдіспен есептелген дерек ретінде тікелей салыстыру дұрыс емес.
Дәрігерлердің өңірлер бойынша орналасуында да теңсіздік бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық денсаулық сақтау жүйелері мен саясаты обсерваториясы 2024 жылы жариялаған Қазақстан туралы есебінде дәрігерлердің 82,8%-ы қалаларда жұмыс істейтінін көрсеткен. Бұл ауыл тұрғындарының мамандандырылған медициналық көмек алу мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал екенін аңғартады. Әсіресе кардиолог, эндокринолог, невропатолог және басқа да бейінді дәрігерлерге қаралу үшін аудан немесе облыс орталығына баруға тура келетін жағдайларда жол шығыны мен уақыт мәселесі туындайды.
Ақылы медицинаға жүгіну нені көрсетеді?
Медициналық көмектің қолжетімділігі тек дәрігерге жазылу мүмкіндігімен шектелмейді. Емделуге жұмсалатын қаражат та маңызды. Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Бірақ тұрғындар кейбір дәрілерді, тексерулерді немесе медициналық қызметтерді өз қаражатына алуы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2024 жылғы Қазақстанға арналған шолуында 2021 жылы денсаулық сақтау шығындарының 25%-ы азаматтардың өз қалтасынан төленгені көрсетілген. 2019 жылы бұл үлес 34% болған. Демек, қарастырылған кезеңде халықтың тікелей шығынының үлесі азайған. Дегенмен бұл көрсеткіш медициналық қызметтің барлық түрі тегін әрі қолжетімді дегенді білдірмейді. Ұйым сарапшылары әсіресе амбулаториялық жағдайда сатып алынатын дәрі-дәрмек тұрғындардың жеке шығынына елеулі әсер ететінін атап өткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының денсаулық сақтау саясаты және жүйелері жөніндегі директоры Наташа Аззопарди-Мускат бұл мәселенің әлеуметтік салдарына назар аударған. Ол 2024 жылы медициналық шығындарға арналған халықаралық деректер платформасы таныстырылған кезде денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеті адамдарды қаржылық қиындыққа ұшыратпау екенін мәлімдеді.
– Денсаулық сақтау жүйесі адамдарды қорғауы керек, оларды кедейлікке ұшыратпауға тиіс. Бірақ Еуропа мен Орталық Азиядағы миллиондаған отбасы медициналық қызметке өз қалтасынан ақша төлеудің салдарынан кедейлік шегіне жақындап отыр, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, медициналық қызметтің құнын тұрғындардың өздері төлеуге мәжбүр болуы емделуге кедергі келтіріп қана қоймай, отбасының басқа да қажеттіліктерін өтеу мүмкіндігін шектейді. Мұндай жағдайда азамат дәрі-дәрмек сатып алу мен күнделікті тұрмыс шығындарының бірін таңдауға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл пікір жалпы Еуропа мен Орталық Азия елдеріне қатысты айтылғанымен, Қазақстандағы медициналық көмектің қаржылық қолжетімділігін бағалау үшін де маңызды.
Мәселені жаңа аурухана салумен шешуге бола ма?
Қазақстанда ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған шаралардың бірі – дәрігерлерді өңірлерге тарту. Мемлекет ауылда жұмыс істеуге келіскен тапшы мамандық иелеріне біржолғы төлем беруді қарастырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 529 дәрігер 8,5 миллион теңгеден көтерме төлем алған. Жалпы, әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде ауылдарға мыңнан астам маман тартылған.
Бірақ дәрігерді ауылға тарту мен оның сол жерде ұзақ уақыт жұмыс істеуіне жағдай жасау екі бөлек міндет. Маманды тұрақтандыру үшін жалақыдан бөлек, баспана, балаларға арналған білім беру мекемелері, кәсіби даму мүмкіндігі және қолайлы еңбек жағдайы қажет. Қазақстан Үкіметінің 2026 жылы жаңартылған денсаулық сақтау саласын дамыту тұжырымдамасында кадр тапшылығының себептері ретінде жалақы деңгейі, жұмыс жүктемесінің көптігі, мамандардың тұрақтамауы және олардың жекеменшік секторға ауысуы көрсетілген. Демек, кадр тапшылығын тек жаңа түлектерді жұмысқа орналастыру арқылы шешу жеткіліксіз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстанның бастамасымен өткен халықаралық жиында алғашқы медициналық көмектің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, осы бағытқа қаржы бөлетін елдер халық денсаулығын жақсартумен қатар экономикалық тұрақтылықты да нығайта алады.
– Алғашқы медициналық көмек әлсіз болса, теңсіздік күшейеді, негізгі медициналық қызметтердің жұмысы бұзылады және денсаулық сақтау жүйесінің дағдарыстарға төтеп беру қабілеті төмендейді, – деді ДДСҰ басшысы.
Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстанның алғашқы медициналық көмекті дамытудағы халықаралық бастамаларына да оң баға берді. Ол Алматыдан Астанаға дейінгі кезеңде Қазақстанның бұл бағыттағы маңызын халықаралық деңгейде тұрақты көтеріп келе жатқанын атап өтті.
Қазақстанға қандай өзгеріс қажет?
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін ең алдымен өңірлердегі нақты қажеттілікті анықтау маңызды. Бір ауданда педиатр жетіспесе, екінші жерде кардиолог немесе анестезиолог тапшы болуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлерді даярлау мен жұмысқа орналастыру жоспары әр өңірдің сұранысына сай жасалуы тиіс. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігінің кадр тапшылығын есепке алудың жаңа жүйесін енгізуі маңызды қадам бола алады. Бірақ жиналған мәліметтер нақты шешім қабылдауға пайдаланылғанда ғана нәтиже береді.
Екінші мәселе – алғашқы медициналық көмекті күшейту. Тұрғындар ауруы асқынғаннан кейін ғана ауруханаға жүгінбей, қажетті тексеруден уақытында өтіп, емді ерте бастай алуы керек. Бұл үшін емханаларда дәрігерлердің жеткілікті болуы, зертханалық тексерулердің қолжетімділігі және созылмалы ауруы бар адамдарды тұрақты бақылау маңызды. Сонымен қатар медициналық қызметке жұмсалатын жеке шығындарды азайту да назардан тыс қалмауы тиіс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025 жылы жариялаған Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жөніндегі зерттеуінде мемлекеттік қаржының жеткіліксіздігі, оны бөлудегі тиімсіздік және медициналық қызметтерге ақы төлеу тетіктерінің кемшіліктері атап көрсетілген. Сарапшылар мемлекеттік қаржыландыруды ұлғайту, қаражатты тиімді пайдалану және халықты емделуге байланысты артық шығыннан қорғау қажеттігін ұсынған. Бұл тұжырым медициналық көмектің қолжетімділігі тек дәрігер санына емес, бүкіл жүйенің қалай жұмыс істейтініне байланысты екенін көрсетеді.
Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жобалар жалғасып жатыр. Жаңа ауруханалар салынып, дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіліп, медициналық қызметті ұйымдастыру тәсілдері өзгеруде. Бірақ бұл шаралардың нәтижесін тек салынған ғимараттар мен сатып алынған құрал-жабдықтар саны арқылы бағалау жеткіліксіз. Ең басты көрсеткіш – адамның қай жерде тұратынына және табысына қарамастан қажетті медициналық көмекті уақытында ала алуы.