Атырау облысында өзін «хакермін» деп таныстырып, әлеуметтік желілерде резонанс тудырған азаматқа қатысты қылмыстық іздеу жарияланды. Бұл ақпаратты өңірлік полиция департаменті ресми түрде растады, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерде «Атыраулық хакер» деген атпен белгілі ер адам алаяқтық деректері бойынша күдікке ілінген. Қазіргі таңда ол Интерпол арналары арқылы халықаралық деңгейде іздестіріліп жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, күдікті Қазақстан аумағынан тыс жерде бой тасалаған.
Аталған тұлға бұған дейін Атырау облысында бір отбасының жоғалуына қатысты өздігінен «зерттеу жүргізгенін» айтып, әлеуметтік желіде бірнеше бейнежазба жариялаған. Видеоларда ол қаза тапқан ерлі-зайыптылардың күйеу баласын басты күдікті ретінде атап, түрлі нұсқалар ұсынған.
Алайда Атырау облыстық полиция департаменті бұл мәлімдемелердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, барлық деректер әлеуметтік желідегі жарияланымдардан бұрын ресми жедел-іздестіру және тергеу шаралары аясында анықталған.
«Аталған азаматқа қатысты бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта бұл істер аясында тергеу амалдары жүргізілуде. Ол заң талаптарына сәйкес іздеуге жарияланды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Еске салайық, 2026 жылғы 6 қаңтарда Атырау облысы Жангелдин ауылында 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өз үйлерінің ауласынан табылған болатын. Сараптама қорытындысы олардың пышақ жарақаттарынан көз жұмғанын көрсетті.
Марқұмдардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев кісі өлтіруге басты күдікті ретінде халықаралық іздеуге жарияланған. Ал марқұмдардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде халықаралық деңгейде іздестірілуде.
Қазіргі уақытта ерлі-зайыптының бес баласы туыстарының қамқорлығында. Полиция тергеу барысына қатысты өзге ақпаратты жарияламады және азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.