Атырауда бұрын-соңды сирек кездесетін жағдай тіркелді. 80 жастағы зейнеткер өзінен туған 8 баласы мен бір немересінен сот арқылы алимент талап етті, деп жазады Ozgeris.info.
Қарияның айтуынша, кейінгі он жылдан астам уақыт бойы жалғыз өмір сүріп келеді. Осы уақыт ішінде тек бір ұлы ғана хал-жағдайын сұрап тұрған, қалған балалары мен немересі мүлде бейтарап, хабарсыз, ешқандай материалдық та, моральдық та көмек көрсетпеген.
Жасына байланысты денсаулығы әлсіреп, зейнетақысы күнделікті қажеттілігіне жетпей жатқан ана соңғы үмітін заңға артқан. Ол Атырау қалалық сотына шағымданып, Конституция мен отбасы заңнамасына сүйене отырып, перзенттерінен асырауға көмектесуін сұрады.
Сот істі қарау барысында әр тараптың материалдық және отбасылық жағдайына талдау жасап, шешімді «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске сүйене отырып қабылдады. Атап айтқанда, кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті. Ал 153-бапта көрсетілгендей, егер баладан көмек болмаса, немере де алимент төлеуге міндеттеледі.
Нәтижесінде сот зейнеткердің талабын ішінара қанағаттандырып, әр баласы мен немересі зейнеткерге ай сайын 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде алимент төлеуге міндеттелді. Бұл шамамен 11 мың теңге. Қаражат қарттың тамақ және дәрі-дәрмек шығындарын өтеуге бағытталмақ.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.