Атырау облысындағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықта орнатылған бейнебақылау камералары баламен дөрекі қарым-қатынас жасаған тәрбиешінің әрекетін тіркеді. Оқиғаға байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада орталық қызметкерінің ерекше күтімді қажет ететін баланы дөрекі түрде көтеріп, ұрып жіберген сәті анық көрінеді.
Полиция қызметкерлері видеоның шынайылығын тексеріп, іс материалдарын зерттегеннен кейін ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
«Ерекше қажеттілігі бар, екінші топтағы мүгедек балаға қатысты тәрбиешінің күш қолдану дерегі бойынша іс қозғалды. Оқиға 2024 жылы болғанымен, ол туралы ақпарат биылғы 25 қыркүйекте ғана полицияға түсті», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Куәгерлер мен орталық қызметкерлерінен түсініктемелер алынып, жағдайдың мән-жайы анықталуда.