Атырау облысы

Атырауда тараған соққыға жығу видеосына қатысты тергеу басталды

Атырауда тараған соққыға жығу видеосына қатысты тергеу басталды

Әлеуметтік желілерде Атырау қаласында түсірілген ер адамның аяусыз соққыға жығылған сәті бейнеленген видео кеңінен тарады деп жазады Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz  сайтына сілтемемен. Аталған дерекке байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

 

Бейнежазбада екі ер адамның жерде жатқан үшінші азаматты ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Олар жәбірленушінің бет тұсынан жұдырықпен, аяқпен бірнеше рет соққы беріп, тіпті күрес элементтерін қолданып, үстіне секірген.

 

Видеоға қоса берілген жазбада оқиғаның мән-жайы ретінде жәбірленуші бір қызбен кездесуге келгені, алайда кейін пәтерге өзін оның туыстары ретінде таныстырған белгісіз адамдар басып кіргені айтылған. Олар қыздың кәмелетке толмағанын алға тартып, ақша талап еткен. Қарсы болған соң, күш қолданғаны көрсетілген.

 

Алайда Атырау облыстық полиция департаменті бұл жағдайды алаяқтық схема ретінде растамады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр.

 

«Құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Барлық жаңалық