Атырау облысында төрт адамды аса қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша басты айыпталушы – қаза тапқан отбасының күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке қосымша айыптар тағылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Іс Атырау облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралуда. Тергеу мәліметінше, Сәрсемәлиев қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны және олардың балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деп айыпталып отыр.
30 маусымдағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар айыптау актісінің жаңа редакциясын ұсынып, оған қосымша баптар енгізілгенін мәлімдеді.
Судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағы – «басқа қылмысты жасыру мақсатында адам өлтіру» бабы қосылды.
Ал Мирамгүл Қарабалинаны өлтіру ісіне 99-баптың 2-бөлігі 3 және 10-тармақтары енгізілді. Тергеу нұсқасына сәйкес, ДЦП диагнозы бар, көру қабілеті бойынша III топ мүгедектігі болған Мирамгүл дәрменсіз жағдайда болған. Сондай-ақ ол ата-анасының өлімі туралы полицияға хабарламақ болғандықтан өлтірілді деген болжам айтылды.
Бұдан бөлек, айыпталушыға қаза тапқан адамдардың атына тағайындалған әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз иемденді деген айып тағылды. Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы – «ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жасалған алаяқтық» бойынша сараланған. Тергеу мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 520 996 теңгені құрайды.
Сондай-ақ бұған дейін алаяқтық ретінде қаралған малға қатысты эпизод қайта сараланып, Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 1-бөлігі – «мал ұрлығы» бойынша бағаланған.
Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін ішінара мойындады. Ол әйелінің ата-анасы мен Мирамгүл Қарабалинаны қасақана өлтіргенін айтты. Ал Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі алдын ала жоспарланбағанын, жанжал кезінде өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін мәлімдеді.
Айыпталушы қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп қалғанын мойындап, мұны ұзақ уақыт жиналған қарыздардан туған ауыр психологиялық күйзеліс пен шындықтан қашуға тырысқанымен түсіндірді.
Ал марқұм Мақсот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шілмағамбетова сотта жәбірленуші тараптың атынан 70 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық өтемақы өндіруді талап етті. Оның айтуынша, талап бір отбасының төрт мүшесінен бірдей айырылуына байланысты келтірілген ауыр моральдық зиянға негізделген.