Атырау облысы

Атырауда пәтерден 21 күн жатқан ер адамның сүйегі табылды

Атырауда пәтерден 21 күн жатқан ер адамның сүйегі табылды

Атырау қаласындағы Береке ықшамауданы, №24 үйден ер адамның сүйегі табылды деп хпбарлайды Оzgeris.info сайты «Ақ Жайыққа» сілтемемен. Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұмның пәтерде жатқанынa шамамен 21 күн болған.

 

Тұрғындардың айтуынша, ер адамның қаза тапқаны туыстары іздеп келген кезде ғана белгілі болған. Осыған дейін подъезде ұзақ уақыт бойы өткір қаңсық иіс тұрған, алайда көршілер нақты не болғанын білмеген.

 

— «Иіс бүкіл подъезді алып кетті. Өз күшімізбен адам жалдап, тазалап, хлор мен “Белизнамен” жудық. Бірақ соған қарамастан иіс кетпей тұр. Мамандар болмаған соң, нақты не қолдану керегін де білмейміз», — дейді көршілердің бірі.

 

Сүйек табылғаннан кейін тұрғындар өз қаражатына тазалық жұмыстарын жүргізгенімен, иіс әлі күнге дейін сіңіп қалған күйінде қалып отыр. Тұрғындардың сөзінше, оқиғадан кейін санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер немесе мамандандырылған ұйымдар келмеген, ресми дезинфекция жасалмаған.

 

Осыған байланысты тұрғындар дәліз бен пәтерді санитариялық өңдеуге кім жауапты екенін білмей дал. Олардың айтуынша, бұл міндет пәтер иелері кооперативіне, меншік иелері бірлестігіне жүктеле ме, әлде санитариялық қызметтер мен өзге де уәкілетті органдардың жауапкершілігінде ме әзірге белгісіз.

 

Тұрғындар аталған жағдайға қатысты тиісті мекемелерден түсініктеме беруді және санитариялық шаралар жүргізуді талап етіп отыр.

Барлық жаңалық