Қоғам

Атырауда оқу меңгерушісі мұғалімді мектептің жұмысына жеккен

Атырауда оқу меңгерушісі мұғалімді мектептің жұмысына жеккен

 Қызыл дипломды, оқушылары республикалық жарыстарды бағындырып жүрген білікті мұғалімді мектеп басшылығы еден жуып, қабырға әктеуге мәжбүрлеген! Бұл масқаралықты «Санджина» есімді педагог әлеуметтік желіде ашық айтып, фото-дәлелдерін жариялап жіберді,деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жаңа оқу жылының алдында мектеп әкімшілігі ұстазға қалам-қағаз емес, швабра мен шелек ұстатқан:

Мұғалім бір апта бойы мектеп ішінде еден жуып, шаң сүртіп, қабырғаларды әктеген. Ол бұл қорлыққа тек оқушылары тозығы жеткен сыныпта отырмасын деген жанашырлықпен амалсыз шыдаған.

Тазалыққа қажетті жуғыш құралдар мен шүберектерді мұғалім өз қалтасынан сатып алуға мәжбүр болған.

Еңбек демалысында жүрген мұғалімге завуч хабарласып, биікке шығып төбедегі люстралар мен электр плафондарын жууды талап еткен!

Мұғалім өмірге қауіпті бұл бұйрықтан бас тартқанда, оқу меңгерушісі: «Үйіңізде люстра жумайсыз ба? Стремянка деген құрал бар, соны қолдануға кеңес беремін» деп шіміркпестен жауап қайтарған.

«Мен мұғалім болып жұмыс істегім келеді! Оқушыларымның жетістіктері бар, өз ісіме бар жанымды саламын. Педагог ретіндегі еңбегімді бағалаудың орнына, неге еден жуып, мектепті жөндеуім керек екенін дәлелдеп жүргеніме ішім ашиды» - деп ашынды ұстаз.

Желіде мұғалімнің еден жууға мәжбүр болғаны туралы ақпарат желдей ескен соң, Атырау облыстық білім басқармасы шұғыл тексеріс бастады.

Ресми мәлімдемеде:

·         Мұғалімдерді өз міндетіне жатпайтын еден жуу, жөндеу сияқты жұмыстарға заңсыз тарту фактілері анықталса, мектеп басшылары қатаң жазаланады.

·         Мұғалімдердің құқығы «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында қорғалады.

·         Тексеріс нәтижесі жақын арада көпшілікке жарияланады.

Барлық жаңалық