2 қазан күні кешкі сағат шамамен 19:15-те Атырау қаласында тұрғындар автобус аялдамасының жанында күдік тудырған жағдайды байқаған. Toyota Highlander маркалы көлік ұзақ уақыт бойы рұқсат етілмеген жерде тұрған. Бұл туралы ozgeris.info сайты «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері рөлде 1996 жылғы қала тұрғыны отырғанын анықтады. Медициналық тексеріс оның мас күйінде болғанын растады.
Сонымен қатар, ер адамның бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Қазір оған ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы («Көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алайда жағдайдың ең көп талқылау тудырған тұсы — жүргізушінің үстінде полиция қызметкерінің формасы болғаны. Департамент өкілдері оның полиция қызметкері еместігін ресми түрде растады.

Осы дерекке байланысты ер адамға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 675-бабы («Формалы киімді және арнайы киімді заңсыз кию») бойынша хаттама толтырылды. Барлық материалдар сотқа жолданды.
Атырау облыстық полиция департаменті ескертеді: мас күйінде көлік жүргізу де, полиция формасын заңсыз кию де қатаң жауапкершілікке әкеледі.