Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты енесін өлтірген келінге қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Қызылқоға ауданында 38 жастағы әйел төсек тартып жатқан 82 жастағы Тыныштық Қарасаеваның басына асүй пышағымен 5 рет соққы жасаған. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан зейнеткер көз жұмған.
Бұл оқиға куәгерлердің жауаптары мен түрлі сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденді. Психиатриялық тексеру барысында сотталушының созылмалы параноидтық шизофрениямен ауыратыны және қылмыс жасаған сәтте өз әрекеттеріне есеп бере алмайтыны белгілі болды.
Айыпталушының кәмелетке толмаған 5 баласы бар, олардың үлкені 10 жаста болса, кішісі небәрі 1 жаста. Сот отырысында әйелдің әкесі оны Атырау қаласында емдеуге қалдыруды сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Бұған науқастың диагнозына байланысты қоғамға қауіп төндіруі мүмкін екені себеп болған.
Осылайша сот келінді қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шарасын тағайындады. Енді ол Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Ақтас елді мекеніндегі арнайы мекемеде ем қабылдайтын болады.