Қоғам

Атырау өңіріндегі республикалық автожолдар заманауи технологиямен жаңартылып жатыр

Атырау өңіріндегі республикалық автожолдар заманауи технологиямен жаңартылып жатыр

Бүгінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалының тапсырысымен өңірдегі стратегиялық маңызы бар бірнеше республикалық автомобиль жолында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жобалар заманауи технологияларды қолдану арқылы жолдардың техникалық жай-күйін жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Ірі жобалардың бірі – республикалық маңызы бар KAZ12 «Атырау – Орал» автомобиль жолының 95–189 шақырым аралығындағы орташа жөндеу. Жоба аясында жол жабынын суық ресайклинг әдісімен қайта жаңғырту, асфальтбетон жабынының төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеу, жол жиектерін нығайту, жол белгілерін жаңарту және жол таңбаларын салу жұмыстары қарастырылған.

Аталған жоба ағымдағы жылы басталып, жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін 241 280 м² жол жабыны фрезерленіп, 107 769,8 м² алаңда суық ресайклинг технологиясы арқылы жол негізі қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар 5,776 шақырым учаскеде ірі түйіршікті асфальтбетоннан төменгі жабын қабаты төселіп, 5 шақырым жол жиегі топырақпен нығайтылды.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар «Мұқыр – Құлсары» автомобиль жолының 1–136 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы басталған жоба аясында жол конструкциясын күшейту, асфальтбетон жабынының төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеу, жол жиектерін нығайту және жолдың көлік-пайдалану көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен орындалуда.

Қазіргі таңда жоба бойынша асфальтбетон жабынының төменгі қабаты 117,57 шақырымда, ал жоғарғы қабаты 86,8 шақырымда төселді. Құрылыс маусымының соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда.

Жөндеу жұмыстары барысында заманауи жол-құрылыс технологиялары мен жоғары сапалы құрылыс материалдары қолданылуда. Әрбір өндірістік кезеңге техникалық және авторлық қадағалау жүргізіліп, жол-құрылыс материалдары белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес зертханалық сынақтардан өткізілуде. Бұл орындалатын жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар қажетті жол-құрылыс техникасы мен мамандарды толық жұмылдырып, жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес жүргізуде. Асфальтбетон зауыттарының толық қуатта жұмыс істеуі жөндеу қарқынын арттырып, тәуліктік жол төсеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беруде.

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде көлік қозғалысы уақытша ұйымдастырылған сызбаларға сәйкес жүзеге асырылады. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысушылардан уақытша қойылған жол белгілерінің талаптарын қатаң сақтап, жылдамдық режимін төмендетуді және жол-құрылыс техникасының қозғалысына ерекше назар аударуды сұраймыз.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын арттыру және өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Жүзеге асырылып жатқан жобалар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, тұрғындарға қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға өз үлесін қосады.

Барлық жаңалық