Қоғам

Атырау облысында 800-ден астам киік қырылып қалды

Атырау облысында 800-ден астам киік қырылып қалды

Атырау облысының Құрманғазы ауданында киіктер жаппай қырылып, мамандар даладан 800-ден астам өлексені жинап алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, ауданның кейбір аумақтары өлексеге толып кеткен. Шаруалар жануарлардың қырылуына кене себеп болуы мүмкін деп болжап, бұл жағдай ауыл шаруашылығы малдарына зиянын тигізеді деп алаңдап отыр.

«Далада жүру мүмкін емес, барлық жерде киіктің өлексесі жатыр. Оларды өртеп немесе көмбесе, түрлі аурулар таралуы мүмкін. Біз бұл жағдай малға зиянын тигізе ме деп қорқамыз», – деді шаруалар.

Қазіргі уақытта аумақтан 800-ден астам өлексе жиналды. Оларды жою жұмыстарына «Охотзоопром», Ақжайық қорығы, аумақтық инспекция және жергілікті әкімдік мамандары жұмылдырылды. Жиналған ұшалар өртеліп, жерге көміліп жатыр.

Алайда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы кенеге қатысты болжамды жоққа шығарды.

«Киіктер кене шаққаннан емес, табиғи түрде өліп жатыр. Жануарлар қыстан кейін әлсіреп қалуы мүмкін. Жалпы киіктердің өмір сүру ұзақтығы 7-8 жыл», – деп мәлімдеді бас маман Мереке Шалхаров.

Барлық жаңалық