Қоғам

«Атеистерді жануарларға теңеді»: Нұржан Смағұловтың сөзі тағы да қоғамның ашуына тиді

«Атеистерді жануарларға теңеді»: Нұржан Смағұловтың сөзі тағы да қоғамның ашуына тиді

Қазақстанда исламтанушы, діни уағызшы Нұржан Смағұловтың атеизм туралы айтқан пікірлері қоғамда кең резонанс тудырды. Бұл туралы Оzgeris.info ақпарат порталы хабарлады.

 

Әлеуметтік желілерде “Mihrabkz” YouTube-арнасына берген «Нұржан Смағұлов: “Атеизм – XXI ғасырдың ең үлкен алдауы ма?”» атты сұхбатынан үзінділер тарады. Аталған видеода уағызшы Ахмет Байтұрсынұлының Иван Крыловтан аударған «Маймыл» өлеңіне қатысты пікір білдіріп, өз қорытындысын жасайды. Алайда бұл талдау желі қолданушыларының өткір сынына ұшырады.

 

Видеоның астында қазақстандықтар наразылық білдіріп, мұндай сөздер дінге деген теріс көзқарас қалыптастыратынын жазды.

 

«Осындай мәлімдемелер исламның беделіне нұқсан келтіреді»,«Ол өз шәкірттерін де осылай ойлауға үйрете ме?»,«Неге бұрынғы жанжалдардан кейін жауапкершілікке тартылмады?» – деп жазды қолданушылар.

 

Бұл Нұржан Смағұловқа қатысты алғашқы резонансты жағдай емес. Бұған дейін оның «мұсылман адам кісі өлтірсе де, қайырымдылықпен айналысатын атеистен жоғары тұрады» деген сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. Қоғам өкілдері бұл пікірді зорлық-зомбылықты ақтау, діни белгі бойынша кемсіту және Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі қағидаттарына қайшы деп бағалаған.

 

Сұхбаттың тағы бір үзіндісінде уағызшы атеистерді сиырлармен теңестіріп, бұл қоғамда жаңа наразылық толқынын туғызды. Кейінірек Нұржан Смағұлов айтқан сөздері үшін кешірім сұрағанымен, «бұдан былай атеистер маймылдан шыққан деп айтамын» деп мәлімдеді. Бұл сөздер желі қолданушылары тарапынан қорлайтын және келемеж сипаттағы пікір ретінде қабылданды.

 

Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары діни тұлғалардың жауапкершілігі жоғары болуы керектігін айтып, мұндай мәлімдемелер қоғамдағы діни және дүниетанымдық төзімділікке қауіп төндіретінін алға тартуда.

Барлық жаңалық