Қазақстанда алимент тек балаларға ғана емес, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарға да төленуі мүмкін.
Тіпті кәмелетке толған азаматтың өз отбасы, балалары мен несиелері болса да, белгілі бір жағдайда ол ата-анасын асырауға міндеттеледі. Ал ата-анасын қарттар үйіне орналастыру баланы бұл міндеттен автоматты түрде босатпайды.
Заңда не жазылған?
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 145-бабына сәйкес, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалар өздерінің еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
Егер балалар ата-анасына ерікті түрде материалдық көмек көрсетпесе, алимент сот тәртібімен өндіріліп алынуы мүмкін.
Яғни қарттар үйіне орналастырылған ата-ана да заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, балаларынан алимент талап етуге құқылы.
Балалар ай сайын қанша ақша төлеуі керек?
Кәмелетке толмаған балаларға төленетін алименттен айырмашылығы, ата-ананы асырауға арналған алименттің бәріне бірдей белгіленген нақты пайызы жоқ.
Оның мөлшерін сот әр істің мән-жайына қарай анықтайды.
Сот ата-ананың материалдық жағдайын, денсаулығын, қажеттіліктерін, сондай-ақ балаларының табысын, отбасылық жағдайын және басқа да маңызды мән-жайларды ескереді.
Сондықтан бір отбасыда белгіленген алимент мөлшері екінші отбасыдағы сомамен бірдей болмауы мүмкін.
Ата-ананың бірнеше баласы болса ше?
Алимент өндіру туралы талап тек бір балаға қойылса да, сот ата-ананың еңбекке қабілетті, кәмелетке толған барлық баласын ескеруге құқылы.
Мәселен, қарт адамның үш баласы болса, сот алимент мөлшерін анықтағанда олардың әрқайсысының жағдайын назарға алуы мүмкін.
Қандай жағдайда бала алимент төлеуден босатылады?
Заңда мұндай жағдайлар да қарастырылған.
Егер сот ата-ананың бұрын өз баласына қатысты ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарғанын анықтаса, баланы оны асырау міндетінен босатуы мүмкін.
Ал ата-ана құқығынан айырылған адамдарға балалар алимент төлеу міндетінен босатылады.
Демек, ата-ана мен бала арасындағы туыстық байланыс алимент өндіріп алу үшін жалғыз негіз емес. Сот олардың арасындағы бұрынғы отбасылық қатынастарға да мән береді.