Әлеуметтік желіде Астана қаласындағы №93 мектепте түсірілген видео тарап, халықтың қызу талқысына түсті. Видеода бір топ ата-ана мектепте қазақ сыныбының ашылуына ашықтан-ашық қарсылық білдіріп, балаларын орыс сыныбына бергісі келетіндерін айтып шу шығарған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Қанша қазақтың зиялысы орысша да , қазақша да сөйледі. Олар жаман болып кетпеді. Біздің елде мемлекеттік пен қазақ тілі бірдей», - дейді ата-аналар.
Желіде тараған бұл мұрағаттық видеодағы жиналысқа белгілі педагог Аятжан Ахметжанұлы да қатысқан. Ол ата-аналарға қазір балаларын қазақ сыныптарына беруге шақырған. Ол мектеп директоры ретінде сөз сөйлеген.
«Балаларыңыз 6-сыныпқа дейін болса, қазақ сыныбына беріңіздер. Өкінбейсіздер. Түбінде маған рақмет айтасыздар. Мен сөз берем. Қазақ мектебінің сапасы орыс мектебінен төмен деген баяғы заманда қалған», - дейді ол видеода.
Жиналысқа экс-мәжілісмен Аманжол Әлтай да қатысып, ата-аналарға басу айтқан.