Жаңалықтар

Астанадағы LRT-ның келесі бағыты Қосшыға қарай салынады

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім еткендей, жеңіл рельсті транспорттың (LRT) жаңа желісі Қосшы бағытына қарай жүргізіледі, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.

 

Әкімнің айтуынша, күн сайын Қосшы қаласынан елордаға 15–20 мың көлік кіріп келеді. Бұл өз кезегінде Астананың жол қозғалысына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр.

 

«Қосшы жылдан-жылға өсіп келе жатқан серіктес қала. Ол Астананы айтарлықтай қолдап отыр, халықтың бір бөлігі сонда тұрады. Сондықтан Қосшыдан қалаға бағытталған қозғалыс өте белсенді. Сол себепті LRT-ның келесі кезеңін осы бағытта салуды жоспарлап отырмыз», — деді қала басшысы.

 

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, бұл жобаның екінші кезеңінің бір тармағы ғана. Тағы бір бағыт Сығанақ көшесі арқылы Тұран даңғылына, одан әрі қаланың ескі бөлігіне теміржол вокзалына дейін созылады. Қосшы бағытына апаратын желіні шамамен бір жарым жылдың ішінде аяқтау көзделіп отыр.Қаржыландыру мәселесіне тоқталған әкім жобаны іске асыру үшін қарыз қаражат тартылуы мүмкін екенін айтты.

 

Сонымен қатар, Қосшы бағытына салынатын LRT желісі ішінара жер үстімен өтетіні белгілі болды.

 

«Бүгінде таңғы сағат 8 шамасында Қосшыдан 50 мыңнан астам адам қалаға келеді. Бұл Тұран, Қабанбай батыр және Мәңгілік Ел көшелерінде көлік кептелісін туғызуда», — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек

Барлық жаңалық