Астанада Түркия мен Вьетнамға виза рәсімдеуге көмектесемін деп азаматтарды алдаған 33 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Polisia.kz мәліметінше, күдіктіні Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері қолға түсірген. Әйел азаматтарға шетелге шығуға виза алып беруге уәде етіп, қызметі үшін түрлі мөлшерде ақша алған. Алайда қаражатты иеленгеннен кейін жәбірленушілермен байланысын үзген. Күдіктіге қатысты алты алаяқтық дерегі анықталып, жәбірленушілерге келген шығын көлемі 15 миллион теңгеге жуықтаған.
Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.