Жаңалықтар

Астанада селфи жасамақ болған ер адам Есіл өзеніне құлап кетті

Астанада селфи жасамақ болған ер адам Есіл өзеніне құлап кетті

Астанада селфи жасамақ болған ер адам Есіл өзеніне құлап кетті. Абырой болғанда, оқиға орнында кезекшілік атқарып жүрген құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында оның өмірі аман қалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты

Оқиға су айдынын патрульдеу кезінде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 1997 жылы туған ер адам алкогольдік мас күйде "Атырау" жаяу жүргіншілер көпірінде селфи жасамақ болып, тепе-теңдігін жоғалтып, өзенге құлаған.

Зардап шеккен азаматқа алғаш болып жақын маңда жүрген серуен қайығының экипажы көмекке келген. Олар суға құтқару шеңберін лақтырып, ер адамды жағаға жақындатқан.

Көп ұзамай оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жетіп, азаматты құтқару қайығына шығарып, жедел-құтқару жасағының базасына жеткізді. Кейін ол дәрігерлердің қарауына тапсырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның жағдайы қанағаттанарлық.

Осы оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

«Әсерлі суретке түсемін деп өміріңізді қауіпке тікпеңіз. Су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар. Қоршаудан аспаңыздар және су жиегіне жақындамаңыздар, әсіресе алкогольдік мас күйде болған жағдайда», – деп ескертті ведомство.

Барлық жаңалық