Жаңалықтар

Астанада Satbayev University жаңа инженерлік кампусы ашылды

Астанада Satbayev University университетінің жаңа инженерлік кампусының салтанатты ашылуы өтті деп хабарлайды Оzgeris.info. Жаңа кампус инженерлік білім, ғылым және инновацияны біріктіретін заманауи орталыққа айналмақ.

 

Satbayev University осы уақытқа дейін еліміздің индустриялануына, энергетика, геология және машина жасау салаларының дамуына зор үлес қосқан 160 мыңнан астам инженерді даярлаған.

 

Астанада ашылған бұл жаңа инженерлік кампус Қазақстандағы алғашқы ұлттық зерттеу техникалық университетінің жаңа буын инженерлерін дайындауға бағытталған ірі жоба.

 

Кампус заманауи зертханалармен және оқу кеңістіктерімен жабдықталған. Мұнда аддитивті технологиялар, робототехника, энергетика және машина жасау бағыттары бойынша зертханалар, сондай-ақ коворкинг аймақтар мен ғылыми-зерттеу орындары бар. Оқу процесі Satbayev University академиялық стандарттарына сай құрылып, өндіріс саласының серіктестері мен жұмыс берушілердің талаптары ескерілген.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елімізге қазіргі уақытта білімді әрі білікті инженерлер қажет:

 

«Біздің мамандар жаһандық бәсекеге төтеп беретіндей жоғары білімді және кәсіби деңгейі мықты болуы тиіс», – деген еді Президент.

 

Ашылу рәсімінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Қобенова сөз сөйлеп, жаңа кампустың ашылуы еліміздің жоғары білім жүйесінің дамуының айқын көрсеткіші екенін айтты.

 

«Бұл жоба уақыт талабына сай мамандарды даярлауға және орталық өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді ол.

 

Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде университеттің басты мақсаты білім, ғылым және индустрияны біріктіріп, техникалық білімді баршаға қолжетімді ету екенін атап өтті.

 

«Біздің мақсатымыз инженер болуды армандайтын әрбір жасқа заманауи білім мен мүмкіндік беру», – деді ректор.

 

Академик Қаныш Сәтбаев есімімен тығыз байланысты бұл жоғары оқу орны еліміздің инженерлік мектебінің негізін қалаған оқу ордасы саналады. Кезінде оның бастамасымен құрылған Қазақ политехникалық институты бүгінде еліміздің өнеркәсіп аймақтарындағы көптеген техникалық университеттердің іргетасын қалаған.

 

 

 

Барлық жаңалық