Астанада салынып жатқан LRT желісінің аялдама павильонында өрт болып, оны сөндіру кезінде құтқарушының тіл білу қабілеті маңызды рөл атқарды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қалалық «112» пультіне Сарайшық ауданы мен Нұрмағамбетов көшесі маңындағы нысанның жертөлесінен түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер электр қалқанындағы кабельдер мен құрылыс қоқыстарының жанып жатқанын анықтады. Жалпы аумағы 10 шаршы метрді шарпыған қызыл жалын жедел сөндіріліп, оттың көрші бөлмелерге таралуына жол берілмеді.
Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ, қазіргі уақытта өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр.
Бұл оқиға кезінде елордалық өрт сөндірушілерге қытай тілін білу қабілеті жағдайды тез бағамдауға септігін тигізді. №23 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Бейбіт Қыран нысандағы шетелдік жұмысшылармен тілдесіп, ғимарат ішіндегі ахуалды нақтылап, адамдарды қауіпсіз аймаққа бағыттаған.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, Бейбіт Қыран 2017 жылы Қытайдан тарихи отанына оралып, Астанада отбасын құрған. Бүгінде абыройлы қызмет атқарып жүрген маманның қытай тілінде еркін сөйлеуі төтенше жағдай кезінде нақты байланыс орнатып, қауіпсіздік жұмыстарын жедел әрі үйлесімді жүргізуге мүмкіндік берді.