Астанадағы жеке меншік клиникалардың бірінде көзіне ота жасатқан әйел адам қайтыс болып, марқұмның туыстары мен дәрігерлер арасында дау туындады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Информбюроға сілтеме жасап.
Астанада жеке меншік клиникада көзіне операция жасатқан көпбалалы ана Аида Оспанова кенеттен қайтыс болды. Бұл оқиға өткен жылдың қазан айының соңында тіркелген.
Марқұм бар жоғы жарты сағатқа созылатын процедураға кірер алдында дәрігерлер одан қосымша катаракта анықтап, оны да бірден алып тастауға шешім қабылдаған. Отадан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем оны теміржол ауруханасына жеткізгенімен, мамандар әйелді аман алып қала алмады.
Марқұмның қыздары анасының өліміне ақ халаттылардың салғырттығы себеп болды деп есептейді. Олар сараптаманың науқас жүрек жеткіліксіздігінен көз жұмды деген қорытындысымен мүлдем келіспейді. Себебі ота алдында тапсырылған медициналық сараптама нәтижелері таза болып, бұған дейін аналары жүрек ауруына шағымданбаған. Сонымен қатар құжаттарда қайтыс болған уақыттың әртүрлі көрсетілуі туыстарының күдігін одан сайын күшейтіп отыр.
«Қағаздың өзінде биологиялық өлім 16 сағат 18 минутта тіркелді деп жазылған. Бірақ дәрігерлер бізге 17 сағат 11 минутта хабарласып, клиникалық өлім болғанын айтты. Құжаттарда екі түрлі уақыт көрсетілгендіктен, егер бұл медицина қызметкерлерінің кінәсі болса, олардың тиісті жазасын алғанын қалаймыз», – деді марқұмның қызы Әмина Әкімханова.
Клиника басшылығы хирургиялық кезеңнің ешқандай асқынусыз, жоспарға сай өткенін алға тартады. Олар жағдайға байланысты барлық медициналық құжаттарды құқық қорғау органдарына тапсырған.
«Операциядан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылды. Науқас теміржол ауруханасына жеткізілгендіктен, өлім себебін біз анықтай алмаймыз. Қайтыс болу фактісі біздің аумақта тіркелген жоқ», – деді клиника директоры Ақмарал Ағелеуова.
Арада үш ай уақыт өтсе де, аталған медициналық мекемеде ешқандай тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Қазіргі таңда марқұмның артында үш баласы, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін үш жасар ұлы қалды.