Астанада өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол автонесиелерді пайдаланып, 270 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты елордалық прокуратураға сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушы төрт азаматты «бірлескен бизнес» жүргіземін деп сендіріп, олардың атына автонесие рәсімдеткен. Ол несиені өзі өтейтінін, ал көліктерді кәсіпте қолданатынын уәде еткен. Бірақ көп ұзамай машиналарды Ресейге өткізіп, сатып жіберген. Қолына түскен ақшаны өз қажетіне жұмсап, жәбірленушілерді қомақты қарызбен қалдырған.
Залалдың жалпы көлемі 270 миллион теңгеден асып түсті.
Сот кінәлі деп танып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұл үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.