Ауа райының қолайсыздығына, атап айтқанда қатты көктайғаққа байланысты елордада барлық бағыттағы автожолда қозғалыс уақытша шектелді. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, бүгін қала аумағында 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Осыған байланысты полиция жүргізушілерді аса қажеттілік болмаса, жолға шықпауға шақырады.
— Жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтап, арақашықтықты ұстану, жолда барынша мұқият әрі сақ болу қажет. Сонымен қатар коммуналдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтірмеулеріңізді сұраймыз, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция ата-аналар мен балаларға ескерту жасады. Күн жылыған кезде су айдындарындағы мұздың қауіпті болатыны атап өтілді.
— Өзендер мен өзге де су айдындарының маңында мұзға шығуға және сырғанауға қатаң тыйым салынады, — деп ескертті ведомство.
Ұқсас жағдай Өскемен қаласында да байқалады. Өскеменде күн сайын көктайғақтан 100-ден астам адам зардап шегетінін жазған едік.