Жаңалықтар

Астана маңындағы қайғылы оқиға: Көлікпен суға кеткен екі қыз бала қаза тапты

Астана маңындағы қайғылы оқиға: Көлікпен суға кеткен екі қыз бала қаза тапты

Астана маңындағы отбасылық демалыс орны толмас қайғымен аяқталды. Целиноград ауданындағы Қызылжар ауылының жанында жасанды су қоймасы бар. Дәл осы жерде он бір шілде күні сегіз және он екі жасар екі қыз бала суға батып кетті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Алдын ала мәліметтер бойынша қос сіңлі суға шомылғаннан кейін жағалауда тұрған көлікке отырған. Олардың көлікке отырудағы мақсаты киім ауыстыру болған. Алайда белгісіз себеппен көлік еңіс жерден төмен қарай өздігінен сырғып кетті. Автокөлік тоқтаусыз жүйткіп барып суға құлады.

Әкесі қыздарын құтқару үшін дереу суға жүгірген. Ол көлік есігін ашуға немесе терезесін сындырып қыздарын шығарып алуға бар күшін салған. Алайда амал болмады. Су астында қалған көлік есігі ашылмай терезесі де сынбаған.

Оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушыларына хабар түсті. Мамандар бірден жетіп келіп апаттық-құтқару жұмыстарын бастады. Судан көлік тартып шығарылғанда оның салонынан екі баланың денесі табылды.

Қазіргі уақытта қайғылы жағдайға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Трагедияның нақты себебі мен барлық мән-жайы әлі де анықталу үстінде.

Барлық жаңалық