Астанада көптен күткен LRT жобасының вагондары таныстырылып, жолаушылар үшін жасалатын жайлылықтардың деңгейі белгілі болды. Елордалық CTS компаниясының басшылығы жаңа көлік жүйесіндегі технологиялық жаңалықтар мен төлем тәсілдерін баяндап берді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Астанада БАҚ өкілдеріне LRT вагондарының ішкі және сыртқы келбеті көрсетілді. Қытайда елорданың қатал климатына арнайы бейімделіп жасалған бұл құрамдар -30°C аязда сынақтан сәтті өткен.
«City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, пойыздар барынша дыбыссыз етіп жасалған. Вагондардың қабырғалары шуды азайту үшін қалыңырақ материалдардан дайындалған.
«Ол ішінен де, сыртынан да мүлдем шусыз. Бұл үшін арнайы материалдар мен резеңкелер қолданылды», — деді CTS басшысы.
-
Әр пойыз 4 вагоннан тұрады.
-
600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.
-
Орташа жылдамдығы — сағатына 50–60 шақырым.
-
22 шақырымдық бағытты бар болғаны 40 минутта жүріп өтуге болады.
Жолаушылар үшін төлем жасаудың өте ыңғайлы тетіктері қарастырылған. Жолақыны көлік картасымен, банктік картамен, Apple/Samsung Pay, Halyk/Kaspi QR-кодтарымен, тіпті Face ID (бет-әлпетті тану) технологиясы арқылы төлеуге болады.
LRT картасының құны — 1000 теңге, ал атаулы (именная) карта — 1200 теңге тұрады. Айта кетерлігі, Астанада тіркелген 7 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары мен жеңілдігі бар азаматтар үшін жүру тегін болады.