Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанның Армения бағытындағы жүк транзитін ашу туралы шешімін «тарихи қадам» деп атап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Haqqin.az каналына сілтеме жасап.
Пашинян өз сөзін Тбилисиде өткен V «Жібек жолы» халықаралық форумында айтты.
«Кеше Ильхам Әлиев Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға жүк транзитіне қойылған шектеулердің алынып тасталғанын мәлімдеді. Бұл аймақ үшін аса маңызды шешім. Мен осы қадам үшін Әзербайжан Президентіне алғыс білдіремін. Сондай-ақ бұл келісімнің жүзеге асуына үлес қосқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министріне де ризашылығымды жеткізгім келеді», - деді Пашинян.
Айта кетейік, транзитке қойылған шектеулердің алынып тасталғаны туралы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен келіссөзден кейін мәлімдеген болатын. Сол кезде ол Арменияға өтетін алғашқы транзиттік жүк қазақстандық бидай болатынын айтқан.
«Бұл шешім бейбітшіліктің тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде орнап келе жатқанын көрсетеді»,- деген еді Әлиев.
Армения экономика министрі Геворг Папоян да әлеуметтік желіде алғашқы болып қазақстандық бидай партиясының жөнелтілетінін растады.
«Жақын күндері Ақтау – Баку бағытымен, әрі қарай Әзербайжан мен Грузия теміржолдары арқылы Арменияға қазақстандық бидайдың алғашқы партиясы жеткізіледі. Бұл бейбітшіліктің нақты белгісі»,- деп жазды министр.