Жаңалықтар

«Ақыл айтуға шебер»: Ардақ Назаровтың жазбасы жұрттың ашуын туғызды

Кеше Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында болған жойқын өрт 12 адамның өмірін қиып, бүкіл елді қара жамылтты. Қайтыс болғандардың 9-ы – бала. Ел аза тұтып жатқан шақта Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров әлеуметтік желіге «Ұлына ақыл айту» стилінде жазба жариялап, жұрттың қатты наразылығына себеп болды, деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Депутат өз жазбасында «Құтты біліктен» үзінді алып, ұлына арнаған өсиетін былай келтірген:

 

«Әй, ұлым, айналаңа ізгілік қыл.Жамандықтан аулақ жүр. Ізгі амал арқылы өзіңді жамандықтан қорғайсың.Жаман адамдарға жолама олар сені қор етеді.Екіжүздіге сыр ашпа, сөзің шартарапқа тарайды.Өсекшіні үйіңе жолатпа, көрген-түйгенін елге жайып жүрер.Барлық сөзді тыңда, бірақ тез сеніп қалма.Көңілің мен сырыңды берік сақта».

 

Назаров бұл кеңесті Айтолдының «Құтты біліктегі» ұлына айтқан өсиеті деп түсіндірген.

 

Алайда дәл осындай ауыр күнде «ақыл айтуға» көшкен депутаттың әрекеті көпшіліктің ашуына тиді. Әлеуметтік желі белсендісі Сәбит Рысбаев:

 

«Бүгін елде 12 адам өрттен қаза тапты. Ал біздің депутаттың жазып отырған посты – мынау», — деп сын айтты.

 

Желі қолданушылары да депутатты орынсыз әрекеті үшін сынға алды:

 

«Мандатын қайтартып алатын механизм жоқ па?»,«Ақыл айтуға шебер, бірақ жағдаймен санаспайды»,«Ата-бабадан қалған сөзді қайталаудан шаршамайды, өз пікірі жоқ па?»,«Осындай қаралы сәтте басқа тақырыпты қозғамай-ақ қойса болар еді» — деген пікірлер қалдырғандар көп.

 

Желіде бұл оқиға қоғам қайраткерлерінің жауапкершілігі мен уақытты сезіну мәселесін қайта көтерді.

Барлық жаңалық