Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, жаппай наразылыққа шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жұмысшылардың сөзінше, зауыт қызметкерлерінің басым бөлігі айына 380-400 мың теңге жалақы алады. Ал балқытушылардың айлығы 500-600 мың теңге шамасында. Кейбірі соңғы уақытта табысының азайғанын да айтып отыр.
«Үш жылдан бері бірдей жалақы алып келеміз. Азық-түлік қымбаттап кетті. Балаларымызды дұрыстап тамақтандыруға да шамамыз жетпей жатыр. Сондықтан бәріміз осында жиналдық», – деді наразылық білдірушілердің бірі.
Бұдан бөлек, жұмысшылар еңбек демалысына шығу да қиындағанын айтып, басшылықтан мәселелерді шешуді талап етті.
Наразылыққа шыққан қызметкерлермен кездесуге «Қазхром» трансұлттық компаниясының бас директоры Ержан Абдулабеков келді. Ол кәсіпорынның кокс пен электр энергиясына жұмсайтын шығындары артқанын, ал өнім бағасы өзгеріссіз қалғанын түсіндірді.
Сондай-ақ бас директор жалақыны көтеру мәселесі арнайы келісуді қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, компаниядағы мемлекеттің үлесі 40 пайызды құрайды.
Ержан Абдулабеков жұмысшылардың жалақысы жаңа жылдан кейін көтерілетінін айтты. Алайда еңбекақының нақты қаншаға өсетіні әзірге белгісіз. Бұл мәселе кәсіпорынның жыл соңындағы жұмыс нәтижесіне қарай шешілмек.